Created: 24 Мамыр 2019
111

Өшпестей мәңгілік із қалдырған жан

Баяндамашы:            Хабиева Орынтай Анирқызы

Атырау қаласы,

Ы.Алтынсарин орта мектебінің

қазақ-тілі пәні мұғалімі, жары

Хабиев Тауфих Хабиұлы 1935 жылдың 1-қаңтарында Исатай ауданының Тұщықұдық елді мекенінде дүниеге келген.

Тауфих Хабиұлы 1954 жылы Нарын құмындағы Карл Маркс атындағы орта мектептен 10-сыныпты бітіріп, «Против Чумны» станциясында екі жылдай жұмыс істеп, 1956 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, 1961 жылы бітіріп, алғашқы ұстаздық жолын Махамбет ауданының Таңдай орта мектебінде бастады. Содан кейін бұрынғы Балықшы ауданының мектептерінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық еңбегін жалғастырды.Төрт жыл М.Отарәлиев мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, он алты жыл Ы.Алтынсарин, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептердің директоры болып жемісті қызмет атқарды.

Т.Хабиев басқарған жылдары жоғарыда аталған мектептердегі оқу-тәрбие жұмысы жоғары деңгейге көтерілді.

Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте 1979-1990 жылдар арасында 12 оқушы медальмен бітірді. Оқушылардың әскери-патриоттық, эстетикалық тәрбиесіне көп көңіл бөлінді. Екі мектепте екі ұлт аспаптар оркестрі болды.Олар аудандық,облыстық көркем өнерпаздар байқауларында бірінші орынды иеленіп жүрді.

Тауфих Хабиұлының адами қалыбын,азаматтық алымдылығы мен іскерлігін таныған жоғарғы органдардың басшылары оған үлкен сенім білдіріп, қайта құрылған Балықшы ауданының оқу бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады,бұл жұмысты да біраз жыл абыроймен атқарды. Сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ.

Ол облыстық кәсіподақ кеңесінің, республикалық оқу министрлігі мен кәсіподақтар республикалық комитетінің, СССР Қарулы Күштері 60 жылдығы мен Ленин комсомолының 60 жылдығы құрметіне өткізген Бүкілодақтық байқауының қорытындысы бойынша республикалық оқу министрлігінің Құрмет грамоталарымен, облыстық, аудандық оқу бөлімдерінің Алғыс хаттарымен, қалалық әкімдіктің Алғыс хаттарымен, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» медальімен марапатталды.

Жанұяда 5 қыз, 2 ұл дүниеге келді. Ұл-қыздары тәлім-тәрбиелі болып өсті.

Тәкең 80 жастың белесіне шықты. Ғұмырлама сапарының әр биігіне адамдар әр түрлі көтеріледі. Тәкең осынау берекелі белеске кісілік келбеті кемел, өнегелі қалпында келіп отыр.

Тәкең тебіреніп:«Еңбек еттім–елім сыйлады, жар таптым – аялады, бала сүйдім – бақыт таптым, көсегем көгерді, өрісім кеңіді, бәрінің оқуы да, тоқуы да баршылық.Бұған мың мәрте шүкіршілік етемін!» дейтін. Ардақты Ұстаз,аяулы жар бейнесі мәңгілік!